Алаяқтар қазақстандықтарды алдаудың жаңа әдісін тапты: олар алдымен банк картасын бұғаттап, содан кейін иесіне хабарласып, деректерін ұрлауға тырысады, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Қылмыстық схема былай жұмыс істейді: қаскүнемдер алдымен банкке өздері қоңырау шалып, өзін карта иесі ретінде таныстырады да, оны жоғалтып алғанын айтып, шұғыл бұғаттауды сұрайды.
Карта бұғатталғаннан кейін алаяқтар оның нақты иесіне хабарласып, өздерін банктің қауіпсіздік қызметінің немесе құқық қорғау органдарының өкілі ретінде таныстырады.
««Картаны бұғаттан шығару» немесе ақшаны «қауіпсіз шотқа» аудару деген сылтаумен алаяқтар құпия деректерді: SMS-код, интернет-банкинг құпиясөзі немесе CVV/CVC-кодын біліп алуға тырысады», – деп түсіндірді Ұлттық банк өкілдері.»
—
Реттеуші мұндай жағдайда тек банктің ресми call-орталығына хабарласу қажет екенін ескертеді. Оның нөмірі картаның артқы жағында немесе банктің мобильді қосымшасында көрсетілген.
Елдің бас банкі қаржы ұйымдарының қызметкерлері ешқашан құпиясөз бен SMS-кодты сұрамайтынын және мобильді құрылғыға қашықтан қол жеткізуге арналған қосымшаларды орнатуды талап етпейтінін қатаң ескертті.
Фото: Әлеуметтік желіден
