Қарағандыда 13 жыл ішінде алғаш рет ауқымды жаңартудан өткен облыстық тарихи-өлкетану музейі өз есігін қайта айқара ашты, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Жаңартылған экспозиция терең ғылыми зерттеулерге негізделген және заманауи мультимедиалық технологиялармен жабдықталған. Музей қонақтары тақырыптық инсталляция, интерактивті аймақтар, голограмма мен түрлі проекцияны тамашалай алады.

Сонымен қатар келушілер сенсорлы экрандар арқылы архивтік құжаттармен танысып, сирек кездесетін жәдігерлер туралы толық ақпарат алу мүмкіндігіне ие.

Музей экспозициясы 13 залдан тұрады. Онда көшпелі империялар дәуірінен бастап, Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне дейінгі өңір тарихы толық қамтылған. Археологиялық олжалар, қола және ерте темір дәуірінің жәдігерлеріне, сондай-ақ Қарағандының қалыптасу тарихына ерекше назар аударылған.

Жаңа экспозицияның салтанатты ашылуы 2026 жылдың 13 наурызында сағат 15:00-де өтеді. Музей Қарағанды қаласы, Ерубаев көшесі, 38 мекенжайында орналасқан.