Канада АҚШ-тан әкелінетін тауарларға жылына шамамен $20 млрд көлемінде жауап баж салығын енгізеді. Тарифтер 8 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Канада үкіметі АҚШ-тың шамамен 700 тауар категориясына 15%, 25% және 50% мөлшерінде баж салығын белгілейді. Бұл — АҚШ-тың жаңа тарифтеріне жауап ретінде қабылданған айнадағы шаралар.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп құны $20 млрд болатын канадалық тауарларға 50 пайыздық баж салығын енгізген еді. Олар елдер арасындағы сауда келіссөздері сәтсіз аяқталғаннан кейін күшіне енді.

«Біздің тең құнды өтемақы тарифтеріміз, сондай-ақ миллиардтаған долларлық қолдау шаралары жұмысшыларды, фермерлерді, отбасыларды және кәсіпорындарды қорғайды», — деді Канаданың қаржы министрі Франсуа-Филипп Шампань.

Канада ең жоғары 50% баж салығын американдық болатқа, алюминийге, жиһазға және киімге енгізеді. 25% тариф ірімшікке, тұрмыстық техникаға және кейбір теңіз өнімдеріне, ал 15% баж электроника мен құралдарға салынады.

Тізімге сондай-ақ дайын тағам өнімдері, парфюмерия, дәретхана керек-жарақтары, пластмассалар, ағаш материалдары, қағаз өнімдері, кілемдер, мотоциклдер, өнеркәсіптік жабдықтар мен теміржол локомотивтері енді.

Канаданың өнеркәсіп министрі Мелани Жолидің айтуынша, жауап шаралары жергілікті компанияларды қорғап қана қоймай, 3 қарашадағы аралық сайлау алдында АҚШ-қа саяси қысымды күшейтуі тиіс.

«Біз сондай-ақ белгілі бір американдық штаттарда өндірілетін тауарларды таңдаймыз. Осылайша біз ақылға қонымды және стратегиялық әрекет етіп, саяси қысым көрсетеміз», — деді Жоли.

Сонымен қатар Канада билігі сауда соғысынан зардап шегуі мүмкін бизнес пен жұмысшыларды қолдау үшін 7,5 млрд канадалық доллар бөлетінін жариялады. Пакет шағын және орта кәсіпорындарға көмек, айналым қаражатын қаржыландыру және компания қызметкерлерін қолдауды қарастырады.

Канаданың бизнесті дамыту банкі зардап шеккен кәсіпорындарға 2,5 млн-нан 5 млн канадалық долларға дейін пайызсыз несие ұсынады. Жолидің айтуынша, олар бойынша алғашқы төлемдерді 36 айға кейінге қалдыруға болады.