Еуропалық Одақ дипломатиясының басшысы Кая Каллас Украина келіссөзі бойынша арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Каллас RTE телеарнасына берген сұхбатында ЕО институттарының мұндай топты құруға мүмкіндігі бар екенін айтты. «Бізде ЕО институттары бар, олар команда құра алады, өйткені бұл ұжымдық жұмыс. Мен кәсіби өмірімнің көп бөлігінде заңгер болып жұмыс істедім және көптеген келіссөзге қатыстым. Бұл әрқашан командалық жұмыс болды», — деді ол.
Ол бұл пікірін «Еуроодақ Украина бойынша келіссөзге арнайы өкіл тағайындауы керек пе?» деген сұраққа жауап беру барысында айтты. Калластың айтуынша, бұл топтың құрамында Ресейді жақсы білетін мамандар болуға тиіс. «Бірақ бұл адамдар біздің мүдделерімізді қорғауы маңызды», — деп толықтырды ол.
Сонымен бірге, Калластың пікірінше, келіссөз басталмас бұрын Еуропа қауіпсіздік мәселелері бойынша өзінің ортақ ұстанымын қалыптастыруы қажет.
