Израиль 1915–1916 жылдары Осман империясында болған армян геноцидін ресми түрде мойындады. Тиісті қаулыны жексенбі күні ел үкіметі мақұлдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы The Jerusalem Post басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қабылданған шешім туралы Израиль Сыртқы істер министрі Гидеон Саар хабарлады. Оның айтуынша, бұл бастаманы ол бұрын енгізген және үкімет тарапынан қолдау тапқан.
«100 жылдан астам уақыт бұрын болған және тарихи фактілерге қатысты нақты дау-дамай жоқ бұл қорқынышты геноцид 1,5 миллион адамның өлтірілуін және ежелгі мәдени және тарихи мұраның жойылуын қамтыды», — деді Саар дауыс беруден кейін.
Ол армян геноцидін мойындау — бұл елдің моральдық және тарихи парызы екенін атап өтті.
Армян геноциді деп 1915–1916 жылдары Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Осман империясының армян халқын жаппай өлтіру және депортациялау оқиғаларын атайды. Әртүрлі бағалаулар бойынша, бұл оқиғалардың құрбандары 600 мыңнан 1,5 миллион адамға дейін жеткен.
Түркия армяндардың жаппай қырылу фактілерін мойындайды, бірақ «геноцид» терминін қабылдамайды, соғыс және ішкі қақтығыс жағдайында екі жақтан да құрбан болғанын алға тартады.
Бүгінгі күні армян геноцидін БҰҰ-ға мүше 30-дан астам мемлекет, соның ішінде Ресей, АҚШ, Германия және Канада мойындады. Тиісті қаулыны бұған дейін Еуропарламент те қабылдаған, ал Ватикан да мойындауын білдірген.
