Испанияның «Тенерифе» клубының шабуылшысы Хесус де Мигель «Андорраға» қарсы матч кезінде есінен танып, алаңда жүрегі тоқтап қалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға ойынның соңында болған. «Андорра» қақпашысы Иссус Овононың тізесі футболшының кеуде тұсына тигеннен кейін Хесус де Мигель есінен танып қалған.

«Тенерифе» клубының мәліметінше, футболшының жүрегі тоқтап, оған медициналық қызметкерлер алаңда шұғыл түрде жүрек-өкпе реанимациясын жасаған. Жедел жәрдем көлігінде оның жүрек соғысы қалпына келген. Қазір футболшы аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.

Клубтың хабарлауынша, оның жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Осы оқиғадан кейін матч тоқтатылды.