Испанияның азаматтық гвардиясы бейсенбіде Эквадор билігімен бірнеше жылға созылған есірткі тасымалына қарсы операция нәтижесінде 44 адам ұсталып, 21 тонна кокаин тәркіленгенін хабарлады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Associated Press басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Операцияны Эквадордың ұлттық полициясымен бірге Europol бақылаған. Топ Дубай инвесторлары қаржыландырған және Оңтүстік Америкадан Испанияға жүк контейнерлері арқылы есірткі тасымалдаған.

Алғашқы тұтқындаулар 2025 жылдың наурызында болды: Эквадор полициясы 36 күдіктіні ұстап, ел бойынша 50-ге жуық үйді тінтті. Испанияда тағы сегіз адам ұсталып, 1 миллион еуро (1,15 миллион доллар) тәркіленді.

Контрабандашылар есірткіні негізінен Гуаякиль портынан жөнелтілетін коммерциялық жүктердің арасына жасырған. Эквадордағы есірткі сатушылар көбінесе банандардың арасына жасырып, жүктерді Еуропаға жібереді.