Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассермен кездесті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу барысында Тоқаев Ислам даму банкінің Қазақстанның ұлттық даму басымдықтарын қолдайтын сенімді серіктес екенін атап өтті. Бүгінге дейін Ислам банкі елімізге жалпы сомасы 4,2 миллиард доллардан астам қаржы бөлген. Ал қазіргі және келешектегі жобалар портфелі 3 миллиард доллардан асады.

Соңғы жылдары ИДБ өз тарихындағы ең үлкен қаржыландыру пакетін мақұлдады. Оның аясына жалпы сомасы 1,15 миллиард доллар болатын Су ресурстарын дамыту бағдарламасы, сондай-ақ Қазақстанның арнайы экономикалық аймақтары мен индустриялық парктеріндегі инфрақұрылымды дамытуды көздейтін құны 1,3 миллиард доллар негіздемелік келісім кіреді.

Әңгімелесу барысында 2027-2032 жылдарға арналған жаңа стратегиялық серіктестік шеңберіндегі ықпалдастық мәселесі талқыланды. Президент еліміздің ИДБ-мен ұзақмерзімді институционалдық серіктестікті жолға қоюға және қолайлы инвестициялық саясат жүргізуге бейіл екенін растады.

Сондай-ақ мемлекет басшысы Ислам даму банкі топтарының жыл сайынғы кездесуін 2028 жылы Қазақстанда өткізу жөніндегі ұсынысқа қолдау білдірді. Ауқымды инвестициялық іс-шараға Банкке мүше мемлекеттер мен қаржы институттарының өкілдері, халықаралық инвесторлар қатысады.