Ресейдің Иркутск облысында аса қауіпті инфекцияға күдік келтірілген жағдайдан кейін Қазақстан шекарасында алдын алу шаралары қолға алынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін Иркутск қаласындағы обаға қарсы институттың 28 жастағы зертханашысы қайтыс болғаннан кейін бірнеше медициналық мекемеде карантин енгізілгені хабарланған еді.
Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында: «Қазақстанда жағдай тұрақты бақылауда, алдын алу сипатындағы қажетті шаралар қабылданды. Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау жүргізіліп жатыр. Көліктің барлық түрінде дене қызуы жоғарылаған, ауру белгілері немесе аса қауіпті инфекцияға күдігі бар адамдар анықталған жоқ», – делінген.
Мамандардың бағалауынша, инфекцияның Қазақстанға әкеліну қаупі төмен. Дегенмен сапардан кейін ауру белгілері байқалса, медициналық көмекке уақытылы жүгіну ұсынылады.
Министрлік қазіргі уақытта Ресей мамандарының эпидемиологиялық тексеру жүргізіп жатқанын атап өтті. Алдын ала мәлімет бойынша, өлімнің нақты себебі әзірге анықталмаған. Ықтимал жұқтыру көзі мен аурудың мән-жайы зерттеліп жатыр.
Марқұммен байланыста болған 197 адам тексерілді. Олардың ешқайсысынан ауру белгілері анықталмаған, зертханалық талдау нәтижелері теріс болған.
Роспотребнадзор мәліметінше, қазіргі уақытта Иркутск облысы, Иркутск қаласы және Шелеховтағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Оба ауруын жұқтыру жағдайлары тіркелген жоқ.
