АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мұнайын сатып алуға салынған санкцияларды уақытша алып тастады. Бұл шешім 11 сәуірге дейін күшінде болады, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессенттің айтуынша, бұл қадам Иранмен соғыс салдарынан тұрақсызданған әлемдік нарықты реттеу үшін жасалған. Ол бұл туралы өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
««Қолданыстағы жеткізілімдерді кеңейту үшін АҚШ Қаржы министрлігі теңізде тасымалданып жатқан ресейлік мұнайды сатып алуға уақытша рұқсат берді. Бұл – тек жолда келе жатқан мұнайға қатысты қысқа мерзімді шара. Сондықтан ол Ресейге айтарлықтай қаржылық пайда әкелмейді, себебі Ресейдің негізгі табысы өндіру орнындағы салықтардан түседі», – деді министр.»
—
Бессент сонымен қатар президенттің энергетикалық саясаты АҚШ-та мұнай мен газ өндіруді рекордтық деңгейге жеткізіп, жанармай бағасын төмендеткенін атап өтті. Оның сөзінше, мұнай бағасының өсуі – уақытша құбылыс.
Бұл шешімге Таяу Шығыстағы жағдай түрткі болды. 27 ақпаннан 28-іне қараған түні АҚШ пен Израиль Иранға соққы жасаған. Осыдан кейін, 2 наурызда Иран Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалын тоқтатты. Бұл – Парсы шығанағын Үнді мұхитымен жалғайтын маңызды теңіз дәлізі.
Дәл осы бұғаз арқылы әлемдік мұнайдың 20%-дан астамы және сұйытылған табиғи газдың кемінде 25%-ы өтеді. Бұғаздың жабылуы Лондон биржасында мұнай бағасын 13%-ға өсіріп, бір баррелін 82 долларға жеткізген болатын.
Иранның Қазақстандағы елшісі Али Акбар Джоукар Ормуз бұғазында әскери операция жүріп жатқанын, сол себепті кемелер үшін жағдай қауіпті екенін растады.
АҚШ президенті Трамптың санкцияны жеңілдету туралы мәлімдемесінен кейін мұнай бағасы қайта түсе бастады.
