Саясаттанушы Дулат Бакишев Таяу Шығыстағы қақтығысқа қатысты өз болжамын жасап, Израиль, АҚШ және Иранның соғыстағы негізгі стратегияларын талдады, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Сарапшының пікірінше, Израильдің басты мақсаты – Иранды мемлекет ретінде толықтай жою. Бұл олардың әскери әрекеттерінен анық байқалады: Тель-Авив Иранның мемлекеттік және азаматтық инфрақұрылымына қатысы бар нысандар мен ықпалды тұлғаларды жойып жатыр.

««Жеке Биби Нетаньяху үшін бұл соғысты келесі сайлауға дейін созу маңызды. Сонда оның соттағы ісі қайта қаралмайды», — деп атап өтеді саясаттанушы.»

Ал АҚШ-тың мүддесі басқа. Вашингтон Тегеранның ядролық және зымыран бағдарламаларын тоқтатып, билікке өзіне бағынышты адамдарды әкелгісі келеді. Сонымен қатар Таяу Шығыстағы мұнай мен газды бақылауға алып, Қытайды әлсіретуді көздейді.

АҚШ Президенті Дональд Трамптың жеке мақсаттары да бар: ол қарашадағы сайлауға дейін «Эпштейн файлдарын» жабуды, Таяу Шығыс мұнайын өз айналасына беруді және «аятоллалар Иранын жеңуші» ретінде тарихта қалғысы келеді.

Бакишевтің айтуынша, Иранның әскери күші бұл екі одақтасқа жетпейді. Сондықтан Тегеран қарсыластарының әлсіз тұстарын тауып, соққы беру тактикасын ұстанып отыр. Егер соғыс қазір тоқтап, мәселе шешілмесе, Тель-Авив пен Вашингтон бір жыл ішінде қайта шабуылдап, Иранды жеңуі мүмкін.

««Иран бұл жолы әлемді таңғалдырды. Оның зымыраны 2600 шақырым ұшып, алыстағы «Диего Гарсиа» базасына дәл тиді. Бұл – Еуропа елдеріне «араласпаңдар» деген белгі», — дейді сарапшы.»

Сондай-ақ, Тегеран Израильдің шөлдегі ядролық нысанының жанына соққы жасап, «біздің Бушерге тимеңдер» деген ескерту жасады. Иранның негізгі мақсаты – АҚШ-пен келіссөзге келіп, өтемақы алу және Израильдің ядролық инфрақұрылымына халықаралық инспекция жүргізуге қол жеткізу.

Қазір Иран режимі «мұнай картасын» белсенді пайдаланып, ұзақ соғысқа дайын екенін көрсетуде. Алайда бұл Дональд Трамптың жоспарына сәйкес келмейді, себебі оған сайлау алдында экономиканы тез арада тұрақтандыру қажет.