Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Иранға қарсы соғысқа және Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

««Соңғы қайғылы оқиғалар салдарынан бейбіт тұрғындардың, оның ішінде балалардың, сондай-ақ Ислам Республикасының жоғары басшылығы өкілдерінің қаза табуына байланысты Иран халқына қайғырып көңіл айтамыз. Қазақстан достық пен жан-жақты ынтымақтастықты дамытып келе жатқан, Иранға қарсы соғысқа қатыспайтын араб мемлекеттерінің азаматтық нысандарына жасалған соққыларға өкініш білдіреміз. Халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтау қақтығыстар кезінде азаматтық нысандар мен бейбіт халықты ерекше қорғауды талап етеді», – делінген хабарламада.»

Ведомство Қазақстанның халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті күшейту жөніндегі жаһандық бастаманың негізін қалаушылардың бірі екенін, сондықтан қарулы қақтығыстар жағдайында адамгершілікті сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

««Халықаралық даулар мен жанжалдарды халықаралық құқық нормалары мен БҰҰ Жарғысын мүлтіксіз сақтай отырып, тек саяси-дипломатиялық жолмен реттеу қажеттігі туралы қағидатты ұстанымымыздың өзгермейтінін растаймыз», – деп нақтылады министрлік.»

ҚР СІМ барлық тарапты аймақтағы зорлық-зомбылықтың өршуіне жол бермеу үшін барынша ұстамдылық пен жауапкершілік танытуға шақырды.