Иранда биліктің қатаң шараларына қарамастан, жаппай наразылықтың жаңа толқыны басталуы мүмкін, Тегеран саудагерлері халықты 17-18 ақпан күндері көшеге шығуға үндеді, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.

The Wall Street Journal басылымының жазуынша, режимге қарсылық білдіру тоқтаған жоқ. Тіпті қаза тапқан белсенділерді жерлеу рәсімдерінің өзі үкіметке қарсы ұрандар айтылатын жиынға айналып жатыр.

««Бәріміз аспанға қарап, АҚШ президенті Трамп Хаменеи мен оның режимін жою үшін бізді бомбалайды деп үміттенеміз. Балаларымыздың азап шеккенін қаламаймыз, керек болса, бірімізден соң біріміз өлуге дайынбыз», — деп жазған Керманшах қаласының тұрғыны басылымға жолдаған хатында.»

Бұған дейін алғашқы наразылықтар басталған Тегерандағы Үлкен базардың саудагерлері бүкіл елдегі дүкен иелерін 8-9 қаңтарда қаза тапқандарды еске алудың қырық күндігіне орай 17-18 ақпан күндері қайтадан көшеге шығуға шақырды.

««Біз Иранның барлық өңіріндегі халқымызды өз қалаларында бір мезгілде шеруге шығып, қаза тапқандардың рухына тағзым етуге және ұлттық көтерілісті жалғастыруға шақырамыз», — делінген базар жұмысшылары қауымдастығының мәлімдемесінде.»

Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, бұл үндеудің басты мақсаты – «заманауи тарихтағы ең ірі көшедегі қырғын үшін кек алу».

Human Rights Activists in Iran құқық қорғау ұйымының соңғы дерегінше, жаппай наразылықтар басталғаннан бері 7 мыңнан астам адам қаза тапқан.

Фото: Әлеуметтік желіден