Иран мен АҚШ Таяу Шығыстағы шиеленісті бәсеңдету үшін екі апталық уақытша бітімге келді. Бұл келісім жаһандық экономика үшін маңызды Ормуз бұғазын ашуды көздейді, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Екі тарап 14 күнге атысты тоқтатуға уағдаласты. Келіссөздер Пәкістан астанасы Исламабадта өтуі мүмкін. Бұл процеске Пәкістан делдал болып, Қытай жанама түрде қолдау көрсеткен.

Ормуз бұғазы – әлемдік мұнай тасымалының негізгі күретамыры. Оның жабылуы мұнай бағасын шарықтатып, жаһандық экономикаға ауыр соққы болар еді. Сондықтан бұғаздың ашық болуы АҚШ үшін де, бүкіл әлем үшін де стратегиялық маңызы зор.

Бітім аясында Иран өз әскерімен кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етеді. Алайда майдан шебіндегі бөлімшелерге бұйрық жеткенше біраз уақыт кететіндіктен, толық тыныштық бірден орнамауы мүмкін.

Ақ үйдің дереккөздері Израильдің де келісімге қосылып, уақытша соққыларын тоқтатқанын хабарлады.

АҚШ Президенті Дональд Трамп бұл бітімді өздерінің жеңісі ретінде бағалады.

««Біз барлық мақсатымызға жеттік. Бұл – тек соңғы бейбіт келісімді рәсімдеуге қажетті үзіліс», – деді ол.»

Ал Иран тарапы, керісінше, мұны «АҚШ-тың жеңілісі» деп отыр.

«Тегеранның мәлімдеуінше, Вашингтон бітімді өздері сұрап келген.»

Ақпараттарға сәйкес, бітім туралы шешімді Иранның жоғарғы басшысы Моджтаба Хаменеи экономикалық және инфрақұрылымдық қауіптерді ескере отырып мақұлдаған.

Осылайша, екі тарап та өзін жеңімпаз санап, негізінде уақыт ұтуды көздеп отыр. Алдағы екі апта Таяу Шығыстың тағдыры үшін шешуші болуы мүмкін.