Иран футбол федерациясы АҚШ-тың 2026 жылғы әлем чемпионаты кезінде ұлттық құрамаға қатысты визалық шектеулеріне байланысты ФИФА-ға ресми шағым беруді жоспарлап отыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Визалық шектеулер мен жалғасып жатқан қақтығыс салдарынан ирандық құрама Мексикада орналасып, топтық кезең ойындары өтетін күндері ғана АҚШ-қа баруға мәжбүр. Агенттіктің мәліметінше, американдық билік ойыншылардың ойынға 24 сағат қалғанда ғана елге кіруін және ойын өткен күні кетуін талап етеді.
Иран құрамасының бас бапкері Амир Галенои өз командасы турнирдің барлық қатысушылары арасында ең қиын жағдайда қалғанын мәлімдеді. «Иран футбол федерациясы бұл шектеулер қатысушы командалар үшін тең жағдай жасау принциптеріне қайшы келеді және олардың техникалық дайындығына әсер етуі мүмкін деп санайды», — делінген федерацияның мәлімдемесінде.
Ұйымда бапкерлік штаб ойындар өтетін қалаларға ойын басталардан екі күн бұрын келіп, футболшылардың толық дайындалуын қамтамасыз етуді және кездесуден кейін келесі күні ғана базаға оралуды жоспарлағанын атап өтті. Алайда Жаңа Зеландияға қарсы алғашқы матч алдында бұл өтініш қанағаттандырылмады. Галеноидің айтуынша, мұндай шектеулер команданың Жаңа Зеландиямен 2:2 есебімен аяқталған ойынға дайындығына теріс әсер етті.
ФИФА да, АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі де әзірге жағдайға түсініктеме берген жоқ. Иран әлем чемпионатында келесі матчын 21 маусымда Лос-Анджелесте Бельгияға қарсы өткізеді, ал топтық кезеңнің қорытынды ойынын 27 маусымда Сиэтлде Мысырға қарсы өткізеді.
