Иран Парсы шығанағы елдерінен АҚШ президенті Дональд Трампты ислам республикасына жаңа соққылар жасаудан бас тартуға көндіруді талап етті. Әйтпесе Тегеран Вашингтонның аймақтағы жақын одақтастарының мұнай, энергетика және көлік инфрақұрылымына шабуыл жасайтынын ескертті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Агенттіктің мәліметінше, ескерту 28 шілдеде Трамп Иранның энергетикалық нысандары мен басқа да инфрақұрылымына соққы жасаймын деп қорқытқаннан кейін дипломатиялық байланыстар сериясы кезінде жеткізілді.

Reuters дереккөздерінің хабарлауынша, Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Сауд Арабиясы, Катар және Түркия әріптестерімен, сондай-ақ Пәкістан армиясының бас қолбасшысымен келіссөздер жүргізді. Барлық әңгімедегі басты месседж бір болды: АҚШ одақтастары Вашингтонға өз ықпалын пайдаланып, Трампты жаңа әскери операциядан бас тартуға көндіруі керек.

«Біз жауап беруге дайынбыз, бірақ дипломатиялық шешім — аймақтағы одан әрі эскалация мен жойылуды болдырмаудың ең жақсы жолы», — деп Тегеранның ұстанымын аймақтағы жоғары лауазымды дипломаттардың бірі жеткізді.

Агенттік дереккөздерінің айтуынша, егер АҚШ Иранға қайта шабуыл жасаса, жауап Парсы шығанағы елдерінің мұнай кен орындарына, мұнай өңдеу зауыттарына, электр желілеріне, сумен жабдықтау нысандарына, көлік инфрақұрылымына және басқа да стратегиялық нысандарына бағытталуы мүмкін.

Осы ескертулерден кейін Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман, Reuters мәліметінше, Дональд Трампқа хабарласып, оны жаңа әскери операциядан бас тартып, келіссөздер мен атысты тоқтатуды қолдауға шақырды.

Катар, Оман және Сауд Арабиясы да Вашингтон мен Тегеран арасындағы диалогты қайта жандандыруды қолдады.

Сонымен қатар, 2 тамызда Трамп тез арада келісімге қол жеткізе алса, Иранға жоспарланған соққыны болдырмауға дайын екенін мәлімдеді.

Ал кеше американдық президент Ормуз бұғазын сейсенбіге дейін толық ашуға уәде берді.