Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесіп ипотеканың сараланған мөлшерлемесі бойынша қаулы қабылдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қаулыға сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ипотека бойынша сараланған жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) енгізіледі. Несие рәсімдеу кезінде LTV коэффициенті – кредит сомасының кепіл құнына қатынасы ескеріледі.
Белгіленген тәртіп бойынша: - LTV көрсеткіші 0,7-ге дейін болған жағдайда ЖТСМ шекті мөлшері – 20%; - LTV 0,7-ден жоғары болған жағдайда ЖТСМ шекті мөлшері – 25%.
Осылайша, алғашқы жарна 30%-дан асса, ипотеканың жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 20%-дан аспайды. Ал алғашқы жарна 30%-дан төмен болса, мөлшерлеме 25% деңгейінде белгіленеді.
2027 жылғы 1 қаңтарға дейін ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша қолданыстағы ЖТСМ шегі 25% деңгейінде сақталады.
