Мемлекет басшысы Иордания королі II Абдалланы Al-Farabi орденімен марапаттады, деп хабарлады Ақорда. II Абдалла аталған мәртебелі марапаттың алғашқы иегері болып отыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Мұны тарихи уақиға деп санаймыз. Осы жоғары награданы Қазақстанның Сізге деген риясыз құрметінің белгісі ретінде қабыл алыңыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Король II Абдалла Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Иордан Хашимит Корольдігінің жоғары мемлекеттік наградасы – al-Hussain ibn Ali орденімен марапаттады.
«Бұл Қазақстан мен Иордания арасындағы байланыстардың тығыз әрі дәйекті түрде нығайып келе жатқанын айғақтайды. Сіздің екіжақты ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету ниетіңізді жоғары бағалаймын», – деді мемлекет басшысы.
Бүгін Иордания королі Қазақстанға ресми сапармен келді. 6 қарашада Астанада Акаба процесінің халықаралық саммиті өтеді. Оған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания Королі II Абдалла төрағалық етеді.
