Қазақстанда интернетте былапыт сөздер қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға жауап бере отырып, білім беру ретінде ұсынылатын тренингтер мен іс-шараларда былапыт сөздерді қолдану фактілеріне құқықтық және этикалық баға беру туралы айтты.

«Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне онлайн-платформалар және бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Заң жобасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабын толықтыру арқылы онлайн-платформаларда былапыт сөздер қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеуді көздейді. Заң жобасы биылғы жылы заң шығарушы органда қаралатын болады (ағымдағы жылдың маусым айында заң шығарушы органға енгізу жоспарлануда)», — деді Бектенов.

Үкімет басшысы қолданыстағы заңнамада қоғамдық орындарда былапыт сөздер қолданғаны және қоғамдық тәртіпті бұзатын басқа да әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

«Мұндай мінез-құлық жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе 20-дан 60 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес тәуліктен он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады», — деп атап өтті премьер-министр.

Бектеновтың айтуынша, ұсынылып отырған түзетулер ұқсас нормаларды онлайн-платформаларға да таратады. Заң жобасын маусым айында парламентке енгізу жоспарланып отыр, ал оны қарау биылғы жылдың соңына дейін күтілуде.