Екатеринбургте «Иннопром» халықаралық өнеркәсіптік көрмесі ашылды. Оған Еуразия экономикалық одағына мүше елдердің үкімет басшылары қатысты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Екатеринбург-Экспо» халықаралық көрме орталығында 6-9 шілде аралығында «Иннопром» көрмесі өтеді. Көрме экспозициясының жалпы ауданы - 50 мың шаршы метр. Мұнда жетекші өнеркәсіптік және технологиялық кәсіпорындардың инновациялық әзірлемелері мен жобалары ұсынылған.
Халықаралық көрменің жұмысына Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов пен өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев бастаған делегация қатысып жатыр. Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс министрі «ИННОПРОМ» халықаралық өнеркәсіптік көрмесі аясында ұйымдастырылған өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңестің 8-інші отырысын ашты.
Ол өз сөзінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік дамуының ұзақ мерзімді басымдықтарына сәйкес бірлескен инновациялық жобаларды іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ өнеркәсіптік кооперацияны қаржылай қолдау тетіктері, роботтандыру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, ортақ ақпараттық ресурстарды дамыту және өзге де өзекті мәселелер талқыланды.
