Ішкі істер министрлігі жүргізушілерге цифрлық технологиялар арқылы жол қозғалысын бақылау күшейтіліп жатқанын ескертті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Бағланбек Айтпаевтың айтуынша, жол ережесін бұзғандарды анықтауға дрондар, патрульдік автокөліктердегі мобильді кешендер, орташа жылдамдықты бақылау жүйелері және лазерлік кешендер көмектеседі.
Дрондардың рөлі
"Мәселен, ұшқышсыз ұшу аппараттары жол қозғалысын әуеден бақылайды. Олар жылдамдықты асырған және жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзған жүргізушілерді тіркейді. Ең бастысы дрондар құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға көмектеседі", - дейді Айтпаев.
Мобильді кешендер
Патрульдік автокөліктерге орнатылған мобильді кешендер де жол қозғалысын бақылауда маңызды рөл атқарады. Олар көлік ағынының арасынан ұялы телефон қолдану, жаяу жүргіншіге жол бермеу, жылдамдықты асыру және маневр жасау қағидаларын бұзу сияқты деректерді автоматты түрде анықтайды.
Орташа жылдамдықты бақылау
"Қала сыртындағы жолдарда көліктің орташа жылдамдығын бақылау жүйесі қолданылады. Қазіргі таңда бұл жүйе республикалық маңызы бар 12 негізгі бағытта енгізілген", - деп атап өтті ІІМ өкілі.
Лазерлік жүйелер
Сонымен қатар жол апатының алдын алу үшін лазерлік жүйелер пайдаланылып жатыр. Олар түнгі уақытта, ауа райы қолайсыз кезде және жүргізушінің шаршағанын немесе ұйқылы күйде отырғанын анықтауда ерекше маңызды.
Қосымша шаралар
Оның айтуынша цифрлық технологиялармен қатар жолдың жүру бөлігін жасанды түрде тарылту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Бұл жүргізушілердің жылдамдықты төмендетіп, жолға мұқият назар аударуына ықпал етеді.
