Ішкі істер министрлігі қоғамдық ғимараттар мен құрылыстарға жазулар мен суреттер салуға арнайы тыйым енгізуді ұсынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәдени мұра ескерткіштері мен табиғи нысандарды бүлдіргені үшін 11 қылмыстық іс тергелгенін хабарлады.
Есірткі граффитиіне қарсы күрес
Министрдің айтуынша, еріктілермен бірлесіп есірткі граффитиі деп аталатын 80 мың сурет пен жазу өшірілді.
Есірткіні насихаттағаны және жарнамалағаны үшін 81 қылмыстық іс қозғалды, 19 адам сотталды.
«Есірткіге жол жоқ» цифрлық сервисі аясында азаматтар полицияға 150 құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлады.
Сондай-ақ нысандарға жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы мониторинг жүргізіледі», — деді Сәденов.
Заңнамаға өзгерістер ұсынылды
Министр қоғамдық ғимараттар мен құрылыстарға жазулар мен суреттер салуға тыйым енгізіп, бұл талапты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастыру ұсынды.
Премьер-министр қалалардағы вандализм мен бұзақылықтың сорақы көріністерінің жолын кесу жөніндегі жұмыстың маңыздылығын айтып, тиісті тапсырмалар берді.
«Ішкі істер министрлігі вандализм мен бұзақылықты болдырмау үшін қоғамдық орындарға зиян келтіретін “граффитидің” барлық түрлеріне толық тыйым салу мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар дайындауы қажет», — деді Олжас Бектенов.
Президенттің тапсырмасы
Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық ғимараттардың қабырғаларындағы граффитиге қарсы қатаң шаралар қолдануды тапсырды.
Ол Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке қабырғаларды бүлдіретіндерге қарсы шара қолдануды тапсырды.
