Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне, сондай-ақ студенттер мен жеке кәсіппен айналысып жүрген жастарға үндеу жолдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа оқу жылының басталуымен полиция қызметкерлері еліміздің барлық мектептері мен оқу орындарын профилактикалық іс-шаралармен қамтыды. Жалпы 16 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізілді, оның 5 мыңнан астамы тәжірибелі ұстаздар, психологтар және нарколог-дәрігерлердің қатысуымен ұйымдастырылды.

Есірткі қылмыстары үшін ұсталған жасөспірімдер

Бүгінгі таңда елімізде есірткі қылмыстары үшін 69 жасөспірім ұсталды. Оның ішінде 40-ы есірткі өткізгені, 27-сі аса ірі мөлшерде сақтағаны, екеуі есірткі жарнамалағаны және насихаттағаны үшін ұсталған. Атап өту керек, ұсталғандардың 52-і ұл, 17-сі қыз.

Ата-аналар нені байқауы тиіс

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов ата-аналарға балалардың мінез-құлқындағы қауіпті белгілерге назар аударуға кеңес берді.

«Сіздерді мынадай белгілер ерекше алаңдатуы тиіс: баланың қолында ақшаның немесе қымбат заттардың кенеттен пайда болуы, телефон мен хат алмасуды жасыруы, әр түрлі күмәнді скриншоттар. Қосымша табыс белгілері — орама қалташалар, шағын пакеттер, оқшаулағыш таспа, электрондық таразылар және басқа да күмәнді заттар», — деді ол.

Оның айтуынша, жасөспірімнің араласатын ортасына, бос уақытын қалай өткізетініне, әлеуметтік желілерде кімдердің аккаунттарына тіркелгенін, мессенджерлерде кімдермен сенімді байланыс орнатқанына ерекше назар аудару қажет.

Қылмыстық жауаптылық 16 жастан басталады

ІІМ есірткі қылмыстарын жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық 16 жастан басталатынын еске салып, балалардың құқықтық тәрбиесіне белсенді қатысуға шақырды.