Кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы Халықаралық бокс федерациясының (IBF) чемпиондық титулынан айырылуына қатысты алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Бұған дейін IBF ұйымының допинг дауына байланысты қазақстандық боксшыны 2026 жылдың желтоқсанына дейін шеттетіп, сол себепті чемпиондық белбеуін қайтарып алғаны хабарланған еді. Спортшының командасы бұл шешімге қатысты апелляция беретінін мәлімдеген.

Жәнібек Әлімханұлы өз жауабын әлеуметтік желіде жариялап, бір титулынан айырылғанымен, екіншісін сақтап қалғанын жеткізді.

«Сыналдық, бірақ сынбадық! Керісінше, шыңдалдық! Шешімдер шықты, IBF кетті, WBO қалды. Қалай болғанда да қазір мен WBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионымын! Бір титул сақталды! Бұйыртса 8 айдан соң рингке шығамын! Үлкен жорық жалғасады… Кәсіпқой бокс біреулер үшін спорт болса, кейбіреулер үшін тек бизнес! Біз спорт жағындамыз! Мен допингке қарсымын! Ең бастысы ел менің кім екенімді, қандай боксшы екенімді жақсы біледі! Ардақты ағайын, біз әлі ӘЛЕМ чемпионымыз!»