Британдық боксшы Хамза Шираз WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы чемпиондық титулын қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына қарсы міндетті қорғаудан бас тартып, белбеуді өз еркімен босатты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл шешімді Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) ресми түрде жариялады.
WBO мәлімдемесі
WBO Шираздың мүддесін қорғайтын Queensberry Promotions компаниясы промоутерлік сауда-саттық аяқталғаннан кейін ұйымға боксшының шешімі туралы жазбаша хабарлағанын растады.
«Хамза Шираз ресми үміткер Жәнібек Әлімханұлына қарсы міндетті қорғауға байланысты промоутерлік сауда-саттық қорытындысы бойынша қалыптасқан шарттарды қарастырғаннан кейін бұл жекпе-жекті өткізбеуге шешім қабылдады және WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы титулынан өз еркімен бас тартты», – делінген ұйым мәлімдемесінде.
WBO Шираздың және оның командасының шешімін құрметтейтінін қосты. Ұйымның Чемпиондық комитеті бос белбеудің мәртебесі мен дивизиондағы жағдай бойынша одан арғы шешімін дүйсенбіде, 21 қыркүйекте жариялайды.
Сонымен қатар WBO ресми мәлімдемесінде: «Хамза Шираз WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан өз еркімен бас тартты. WBO Дүниежүзілік чемпиондық комитеті дивизион бойынша өз шешімін дүйсенбіде, 21 қыркүйекте шығарады», – деп жазылған.
Промоутерлік сауда-саттық
Бұған дейін Queensberry Promotions Шираз – Әлімханұлы жекпе-жегін ұйымдастыру құқығы үшін сауда-саттықта жеңіп, 1 001 809 доллар ұсынған болатын. Қазақстандықтың мүддесін қорғайтын Top Rank компаниясы 820 мың доллар көлемінде ставка жасады. Жекпе-жектің ықтимал күндері ретінде 28 қараша мен 5 желтоқсан аталды, ал өткізілетін орындар ретінде Ұлыбритания мен Нью-Йорк қарастырылды.
Айта кету керек, сауда-саттыққа дейін-ақ Шираз WBO-ның Әлімханұлын міндетті үміткер етіп тағайындау шешіміне наразылық білдірген еді. Қазақстандық болса, керісінше, жекпе-жекке дайын екенін бірнеше рет мәлімдеп, оның басты мақсаты чемпиондық белбеу екенін атап өткен.
Әлімханұлы автоматты түрде чемпион болмайды
Шираздың бас тартуы Әлімханұлын автоматты түрде чемпион етпейді. Қазақстандық ресми міндетті үміткер болып қала береді, ал WBO белбеуіне апарар одан арғы жолды ұйымның Чемпиондық комитеті 21 қыркүйекте айқындайды.
WBO регламентіне сәйкес, бос титул ұйым санкциялаған жекпе-жекте сарапқа салынуы тиіс. Комитет қолжетімді екі үздік үміткерді анықтап, оларға келіссөздер жүргізу үшін 30 күнге дейін уақыт береді. Егер келісімге келе алмаса, WBO промоутерлік сауда-саттық тағайындауы мүмкін. Осылайша, енді ұйым босаған белбеу үшін Әлімханұлымен кездесу құқығын кім алатынын анықтауы керек.
Тамыздағы шешім
Тамыз айында WBO Әлімханұлын қазақстандық орта салмақтан екінші орта салмаққа ауысқаннан кейін Шираздың титулына міндетті үміткер ретінде ресми түрде таныды. Бұған дейін Жәнібек 72,6 кг-ға дейінгі салмақ дәрежесінде WBO және IBF чемпиондық белбеулерін иеленген болатын.
Әлімханұлы кәсіпқой рингте жеңіліссіз келе жатыр – 17 жеңіс, оның 12-сі нокаутпен. Шираздың есебінде – 24 жеңіс, бір тең ойын және 19 нокаут.
