Жаңа Конституцияда халықтың жағдайын нашарлататын заңдарға кері күш беруге (жаңа заңды бұрын болған оқиғаларға қолдануға) алғаш рет тыйым салынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев үкіметтің бүгінгі отырысында мәлімдегендей, Конституцияда Әділетті Қазақстан идеясы маңызды орын алған. Оның өзегі – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. «Адамға бағдарланған қағидатқа сәйкес Конституцияда адам құқықтарының кепілдіктері едәуір кеңейтілді. Алғаш рет Негізгі заң деңгейінде азаматтардың жағдайын нашарлататын заңдарға кері күш беруге тікелей тыйым салынды. Бұл құқықтық айқындықты күшейтіп, қоғамның заңдарға деген сенімін арттырады», – деді Сәрсембаев.
Сондай-ақ адамның дербес деректерін қорғау конституциялық деңгейде бекітілді. «Әр азаматқа мемлекеттің заңсыз әрекеті арқылы келтірілген зиянды өтету құқығы Конституцияда айқын көрсетілді. Осындай және өзге де ережелер адам құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтіп қана қоймай, заңнаманың тиісті салаларын одан әрі жетілдіруді талап етеді», – деп атап өтті министр.
