Ұлттық экономика министрлігі статистикалық есебін жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Инфляция баяулады

Биыл қыркүйек айында жылдық инфляция 9,3%-ға дейін баяулаған. Себебі азық-түлік бағасының өсу қарқыны төмендеген.

Мәселен, өткен айда азық-түлік тауарлары бір айлық мәнде 0,1%-ға арзандаған. Дефляция екінші ай қатарынан байқалады. Ал жылдық азық-түлік инфляциясы 8,5%-ға дейін бәсеңдеді. Басқа тауарлар мен ақылы қызметтер бойынша баға тұрақты болып қалады.

Халық табысы өсті

"Инфляциялық процестердің баяулауы аясында 2026 жылғы екінші тоқсанда халықтың нақты ақшалай табысы 0,7%-ға өсті. Инфляцияның одан әрі төмендеуі бағаның өсуінің халық табысына әсерін азайтады", - делінген ресми хабарламада.

Үкіметтің басым бағыттары

Бүгінде үкімет жұмысының негізгі бағыттарының бірі - халықтың әл-ауқатын арттыру. Ол үшін инфляцияны тежеу, бағаны тұрақтандыру, еңбекақыны арттыру, соның ішінде ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен көтеру, жаңа әрі сапалы жұмыс орындарын ашу, еңбек өнімділігін арттыру, кәсіпкерлікті қолдау және қосылған құны жоғары салаларды дамыту шаралары қарастырылған.