Қаржылық мониторинг агенттігі Интерпол қолдауымен бұған дейін халықаралық іздеу жарияланған Ұлан Байболовты Кореядан Қазақстанға қайтарды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Байболов салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жүйелі түрде жалтарумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болған. Агенттіктің мәліметінше, кәсіпорындар сатып алынып, жалған басшылардың атына қайта тіркелген. Олардың банк шоттары арқылы қаржы операциялары жүргізілген. Салық есептілігіне көрінеу бұрмаланған мәліметтер енгізіліп, кейін қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Осы тәсілде пайдаланылған кәсіпорындардың бірі – "Сфера" ЖШС. 2014 жылы Байболов бұл серіктестік директорының орынбасары қызметіне тағайындалған. Қылмыстық топ мүшелері серіктестіктің есеп айырысу шоттарынан 2,5 млрд теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған. Бұдан бөлек, қосымша есептелген салық көлемі 1 млрд теңгеден асқан.

Күдікті қамауға алынды, тергеу жалғасып жатыр.