Мәскеуде Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан қазақстандық жауынгер Әбдуәли Жылысбаевтың солдат медальонын табыстау рәсімі өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Медальонды ресейлік "Әскери археология" іздеу жасағының командирі Антон Торгашев Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаевқа тапсырды. Әбдуәли Жылысбаев 1917 жылы дүниеге келген.
Ол 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, 1941 жылғы 25 маусымда Белосток маңында қаза тапқан. Содан бері жетпіс жылдан астам уақыт бойы хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде болған.
Тек 2014 жылы "Серебряная горка" халықаралық іздеу экспедициясы кезінде оның сүйегі табылды. Сол жылы қазақстандық жауынгер Польшадағы Хайнувка қаласындағы бауырластар зиратына жерленген.
Осыдан кейін жауынгердің туыстарын іздеу жұмыстары басталғанымен, 12 жыл бойы нәтиже болмаған. Тек қазақстандық "Ерлік-Даңқ" және ресейлік "Искатель" іздеу жасақтарының архивтердегі жұмысының арқасында оның туыстарымен байланыс орнатылды.
Қазақстан Қорғаныс министрлігінің қолдауымен Әбдуәли Жылысбаевтың медальоны жақын арада Отанына жеткізіліп, туыстарына табысталады.
