Гвинея астанасы Конакридегі ең ірі полигондағы қоқыс үйіндісі жексенбі күні таңертең опырылып, кемінде 22 адам қаза тапты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Associated Press басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 3 шамасында басталған қатты жаңбыр Дар-Эс-Салам полигонындағы қоқыс үйіндісін шайып, көшкінге ұшыратқан. Бұл көшкін жақын маңдағы лашықтарды басып қалған. Құтқарушылар тірі қалғандарды іздеу жұмыстарын жүргізуде.
Әскери инженерлік батальонның санитарлық офицері подполковник Бальде Мамаду Байлоның айтуынша, бұл полигон жексенбі күні жабылуы тиіс болған. Билік полигон маңында тұратын тұрғындарға көшіру туралы хабарлама жіберген, бірақ апат кезінде көптеген адамдар әлі де сол маңда болған.
Территориялық әкімшілік және децентрализация министрі Дьенабу Туре оқиға орнында: «Қалған отбасыларды басқа жерге көшіруді қамтамасыз етеміз», — деді.
