«Еуразия Кинофест» қазылар алқасының мүшесі, қазақстандық Гүлнара Досматова іс-шараға нағыз киносүйер жандар жиналғанын айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол режиссерлер әлемнің түрлі елдерінен осында келіп, кинематография тілі арқылы пікір алмасып, толғандырған мәселелерін көрерменге жеткізетінін мәлімдеді. «Түрлі тақырыптар қозғалып жатыр. Жеке өз басының немесе елінің проблемасын кино арқылы ұсынғанымен, ол проблема кез-келген елде бар, әрбір аймақ үшін өзекті екені таңғалдырып жатыр», - дейді қазақстандық актриса.
Осы орайда ол Қазақстанда кино саласы қазір айтарлықтай қарқын алып, ауыл-аймақ, отбасы, салт-дәстүрді еске түсіретін туындылармен толығып жатқанын жеткізді. «Мұнда барлығы бір тілде сөйлеп жатыр. Сондықтан олар бір-бірінің тілін түсінбесе де, өзара түсінісіп жатыр. Ол - киноға деген махаббат», - деді Досматова.
Ол кинофестивальге ұзақ ғұмыр тілеп, «үшінші фестиваль – бұл әлі де тек қыздыру кезеңі ғана» екенін айтты. «Фестивальдің ғұмыры ұзақ болып, жылдан-жылға қанат жайып, жаңа таланттарды танытып, жаңа белестерді бағындыра беруін қалаймын. Біз де әрдайым осы жерде болып, оның жетістіктеріне куә болсақ екен», – деді ол.
