Аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы Грузиядан экстрадицияланды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бас прокуратураның мәліметінше, тергеу барысында аталған тұлғаның 2023 жылғы қараша-желтоқсан айлары аралығында Алматы қаласында коммерциялық жылжымайтын мүлік объектісін сатамын деген сылтаумен жәбірленушіден бір жарым миллион АҚШ доллары мөлшеріндегі ақша қаражатын алдап алғаны анықталды.
"Қылмыс жасағаннан кейін күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынған, осыған байланысты халықаралық іздеуге жарияланған", - деп жазылған хабарламада.
Өткен жылғы желтоқсан айында ол Грузия аумағында ұсталған. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды.
Айта кетері, мұндай қылмыс үшін он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
