Аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады, жалған медициналық бұйымдарды ірі мөлшерде өндірді деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы Грузиядан экстрадицияланды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Тергеу барысында күдіктінің мемлекеттік медициналық ұйымдардың медициналық жабдықтарды сатып алу жөніндегі тендерлерінде басымдылыққа ие болу мақсатында отандық тауар өндіруші мәртебесін заңсыз алу схемасын ұйымдастырғаны анықталды.

«Атап айтқанда, ол нақты өндірісті ұйымдастырмай, медициналық техниканың Қазақстанда өндірілетіні туралы уәкілетті мемлекеттік органдарға жалған мәліметтер ұсынған», – деп жазылған хабарламада.

Салдарынан шетелдік жинақтаушы бөлшектерден құрастырылған медициналық техника мемлекеттік медициналық ұйымдарға отандық өнім ретінде өткізіліп, мемлекетке 4,5 млрд теңгеден астам залал келтірілген.

Қылмыстарды жасағаннан кейін күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынған, осыған байланысты халықаралық іздеу жарияланған.

Биыл наурыз айында ол Грузия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрау салуы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды.

Оған он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін.

Еске сала кетейік, жыл басынан бері Грузиядан 7 адам экстрадицияланды.