Қазақстанда 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының конкурс қорытындысы шықты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әлеуметтік желідегі парақшасында конкурс нәтижелерін жариялады. Оның мәліметінше, бакалавриат бағдарламаларына 75 мыңнан астам грант бөлінген, ал талапкерлерден 127 041 өтініш түскен.

Ең көп грант иелері

Гранттардың ең үлкен үлесі инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларының болашақ мамандарына тиесілі — 16 674 грант. Екінші орында педагогикалық ғылымдар — 12 228 грант, үшінші орында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар — 10 387 грант.

Сонымен қатар, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика бағыттары бойынша 9 188 грант қарастырылған.

Мемлекеттік тапсырыс 98% игерілді

Министрлік мәліметінше, жалпы Қазақстандағы мемлекеттік білім беру тапсырысы 98% игерілген. Бұл гранттардың еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып тиімді бөлінгенін және талапкерлердің ең сұранысқа ие білім беру бағдарламаларына жоғары қызығушылығын көрсетеді, деп жазды Саясат Нұрбек.

Арнайы бағдарламалар

«Серпін» бағдарламасы бойынша 2 180 грант, батыс өңірлердің жастары үшін 2 500 грант бөлінді. Тағы 3 190 грант Қазақстанда ашылған шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарында оқуға арналған.

Еске салайық, 2026 жылдың 7 тамызында Қазақстанда 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім гранттарының иегерлері тізімі жарияланды. Талапкерлер конкурс нәтижелерін ведомствоның ресми ресурстарынан тексере алады.