Испанияның оңтүстігіндегі тарихи Гранада қаласында болған жер сілкінісінен кемінде үш адам жеңіл жарақат алып, бірнеше ғимарат зақымданды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы BBC News басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сейсенбі таңертең болған 4,8 балдық жер сілкінісінің эпицентрі тарихи Гранада қаласынан оңтүстікке қарай шамамен 10 шақырым жерде орналасқан, деп хабарлады елдің Ұлттық география институты (IGN).

Көптеген жергілікті тұрғындар қатты дүмпулерден қорқып, үйлерінен көшеге ағылды. Бірнеше көлік құлаған сынықтардың астында қалды. Кейбір мұражайлар, әкімшілік ғимараттар мен спорт орталықтары жабылуға мәжбүр болды.

IGN бұл жұма күні басталған және кеңінен сезілген өте таяз дүмпулер қатарындағы соңғысы екенін айтты.

Дүмпу жергілікті уақыт бойынша 10:37-де (08:37 GMT) Альендин қаласының маңында болды. Ол 10 шақырымнан аз тереңдікте тіркелді.

Гранададағы бірінші қабаттағы пәтерінде тұратын Альфонсо Мальпика таңертең жер сілкінісін сезінгенін айтты.

Ол Испанияның El País газетіне берген сұхбатында бұл дүмпу «кейде болатын, біз үйреніп қалған дүмпулерден күштірек» екенін айтты.

«Бәрі құлап түсті. Бұл қорқынышты еді», - деп Гранададағы супермаркетте болған зертхана қызметкері Кристина Руис Лопес AFP агенттігіне айтқан.

Гранаданың әйгілі Альгамбра сарайы - ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген ортағасырлық ислам сәулет өнерінің ескерткіші - «бүгін түстен кейін жабық болады», деп хабарлады әкімшілік.

Олар соңғы дүмпуден кейін «жағдайды бағалайтынын» қосты. Сарайға жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған туристер келеді.

Сонымен қатар, Гранада метросы қауіпсіздік мақсатында пойыздардың жылдамдығын сағатына 30 шақырымға дейін төмендететінін және бұл кідірістерге әкелуі мүмкін екенін ескертті.