1 тамыздан бастап Гонконгтің "Cathay" әуе компаниясы Астана қаласына тұрақты жүк рейстерін ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Әуе компаниясының Таяу Шығыс өңірі бойынша өңірлік менеджері Оливер Коэльо Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиевамен кездесуде бұл жоспарды мәлімдеді. Жүк рейстері "Боинг-747" үлгісіндегі әуе кемелерімен аптасына 5 рейске дейінгі жиілікпен орындалады.

Сонымен қатар, 2027 жылдың қаңтар айынан бастап "Эйрбас-330" үлгісіндегі әуе кемелерімен аптасына 3 рет жиілікпен Гонконг – Алматы бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейстерін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы министрлік хабарламасында айтылған.

Салтанат Томпиева аталған жобаларды іске асыруға Қазақстан тарапы қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жүк және жолаушылар рейстерін іске қосу үшін қажетті рәсімдерді бірлесіп жалғастыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Гонконг арасындағы әуе қатынасын дамыту мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастықты сақтауға келісті.

Жаңа рейстердің ашылуы сауда-экономикалық және туристік байланыстардың одан әрі дамуына, логистикалық мүмкіндіктердің кеңеюіне, сондай-ақ Қазақстан мен Гонконг арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етеді.

"Cathay" – Гонконгтың ұлттық әуе компаниясы және Азиядағы ең ірі халықаралық әуе тасымалдаушыларының бірі. Компания еншілес кәсіпорындарын қоса алғанда 237 әуе кемесін пайдаланады және 100-ден астам бағыт бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырады.