Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитетінің басшысы Геннадий Головкин Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының (ISSA) вице-президенті болып сайланды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сайлау бүгін, 12 қыркүйекте Сауд Арабиясының Таиф қаласында өтіп жатқан ISSA-ның 15-ші Бас ассамблеясы аясында өтті.

Атқарушы комитет құрамы

Геннадий Головкин 2026-2029 жылдарға арналған Атқарушы комитет құрамына Азия және Еуропа өңірлеріне жауапты вице-президент ретінде тағайындалды.

Ал ISSA президенті қызметіне Сауд Арабиясының спорт министрі, елдің Олимпиада және Паралимпиада комитетінің басшысы, ханзада Абдулазиз бин Турки Әл-Фейсал қайта сайланды.

Головкиннің лауазымдары

Ол 2024 жылдың ақпанынан бері Қазақстан ҰОК президенті қызметін атқарып келеді.

2025 жылдың қарашасында Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті болып сайланған еді. Осылайша ол Олимпиадалық спорт түрлері бойынша халықаралық федерацияны басқарған тұңғыш қазақстандық атанды.