Ресей «Достық» құбыры арқылы Германияға жөнелтілуі тиіс қазақстандық мұнайды басқа бағыттарға бөлетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Reuters ақпараты бойынша, Ресей вице-премьері Александр Новак 1 мамырдан бастап қазақ мұнайының Ресей аумағы арқылы немістердің Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына транзиті уақытша тоқтайтынын жариялады.

Новактың сөзінше, логистикалық тізбектерді қайта қарау «техникалық мүмкіндіктерге» байланысты және бұл шешім Қазақстанмен келісілген. Сонымен қатар ол Германия билігінің ресейлік мұнайдан бас тартқанын еске салды.

Шведтке жөнелтілуі керек болған қазақ мұнайының енді қайда бағытталатыны әзірге белгісіз. Алайда бұған дейін Украина арқылы өтетін «Достық» мұнай құбырының оңтүстік тармағы бойынша тасымал қайта жанданғаны белгілі болған. Бәлкім, Германияға арналған шикізат енді Венгрияға жетуі мүмкін.

ҚР Энергетика министрлігі Германияға экспортталуы тиіс мұнайдың қайда жөнелтілетінін нақтыламады. Дегенмен, ведомство басшысы Ерлан Ақкенженов елдің мұнай өндірісін азайтуды жоспарламайтынына сендірді.