Қырғызстандағы саяси ахуал күрт өзгерді: Президент Садыр Жапаров өзінің басты серігі әрі Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамчыбек Тәшиевті және оның үш орынбасарын күтпеген жерден қызметінен босатты, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Бұл оқиға 2020 жылы билікке бірге келген Жапаров-Тәшиев тандемінің, яғни елдегі «қос билік» дәуірінің аяқталғанын білдіреді. Формалды түрде президент біреу болғанымен, іс жүзінде елді екі ықпалды саясаткер басқарып келген еді. Екеуі де саяси толқулардың нәтижесінде билікке жетіп, елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге тырысты.
Қырғызстан саясатында солтүстік пен оңтүстікке бөліну факторы әрқашан маңызды рөл атқарған. Солтүстіктен шыққан Жапаров пен оңтүстіктің өкілі Тәшиевтің одағы осы аймақтық тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік берді. Олар билік вертикалін күшейтіп, парламенттің ықпалын азайтып, қылмыстық топтарға қарсы күресті жариялаған.
Алайда бұл модельдің де әлсіз тұсы болды — 2027 жылы өтетін кезекті президент сайлауы. Сайлау жақындаған сайын «келесі кандидат кім болады?» деген сұрақ жиілей бастады. Сарапшылар арасында халық алдына жиі шығып, бедел жинаған Тәшиевтің де үміткер болуы мүмкін екені туралы болжамдар айтылды.
Осындай саяси ахуал кезінде Тәшиевтің қызметінен босатылуы көпшілік үшін тосын жағдай болды. Президент Жапаров бұл шешімін қоғам мен мемлекеттік құрылымдар арасында жікке жол бермеу үшін қабылдағанын мәлімдеді.
««Қоғамдағы және мемлекеттік құрылымдар арасындағы жікке жол бермеу үшін осындай шара қабылдадым», — деп түсіндірді Жапаров.»
—
Ең қызығы, бұл шешім Қамчыбек Тәшиев Германияда денсаулығына байланысты ем қабылдап жатқан кезде жасалды. Тәшиевтің өзі бұл жаңалықты естіп, таңғалғанын және мұны күтпегенін әлеуметтік желіде жазды.
Оның елде жоқ кезінде қызметінен алынуы кездейсоқтық емес. Егер ол Қырғызстанда болса, оның жақтастары қарсылық танытып, саяси жағдай ушығуы мүмкін еді. Қалай болғанда да, бір нәрсе анық: Қырғызстандағы «дуумвират» кезеңі аяқталды. Бұл жай ғана кадрлық ауыс-түйіс емес, елдегі билік балансының толық өзгеруі.
Фото: Әлеуметтік желіден
