Германия үшін балама оппозициялық партиясынан сайланған Бундестаг депутаты Маркус Фронмайер Берлин Ресеймен тікелей қақтығысқа бармауы керек деп мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Германия алдымен өз халқының мүддесін қорғауы керек. Біздің басты міндетіміз – Украинаға шексіз қауіпсіздік кепілдігін беру емес, өз азаматтарымыздың жағдайын ойлау. Германияның мүддесін елемеуге де, Ресеймен тікелей қақтығысқа баруға да болмайды», – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.

Бұған дейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Украинаға қауіпсіздік кепілдігін Ресейдің қатысуынсыз әзірлеу мүмкін емес екенін айтқан болатын. Ол Германия канцлері Фридрих Мерцтің Мәскеуді бұл процеске қатыстырмау керек деген пікіріне осылай жауап берген.