Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федералдық экономика және энергетика министрі Катерина Райхені қабылдады, деп хабарлады Ақорда. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу барысында президент Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасымен стратегиялық серіктестікті дамытуға айрықша мән беретінін айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, Германия – еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі.

«2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына 8 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тартылды. Оның басым бөлігі шикізаттық емес секторға тиесілі. Бүгінде елімізде неміс капиталының үлесі бар мыңнан аса компания табысты жұмыс істейді. Олардың арасында CLAAS, Horsch, Siemens, BASF, Heidelberg Materials, Siemens Energy, Knauf және Linde сияқты өнеркәсіп алпауыттары бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан тарапы германиялық бизнестің біздің нарыққа көбірек келуі үшін қажетті жағдай жасауға дайын екенін растады.

Катерина Райхе Қазақстан Германияның аймақтағы ірі сауда-экономикалық серіктесі саналатынын, екіжақты ықпалдастықты кеңейтудің әлеуеті мол екенін жеткізді.

Кездесуде энергетика, өнеркәсіп, цифрландыру, сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу, көлік-логистика инфрақұрылымы салаларындағы ынтымақтастықты жандандыру перспективасына айрықша мән берілді.