Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, әлемге әйгілі боксшы Геннадий Головкин (GGG) World Boxing (WB) халықаралық бокс федерациясының президенті лауазымына ресми кандидат атанды. Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитеті хабарлады.
Президенттік жарысқа екі кандидат қатысуда:
- 01Геннадий Головкин (Қазақстан)
- 02Мариолис Харилаос (Грекия)
Ұйымның қазіргі президенті Борис ван дер Ворст екінші мерзімге сайлауға түспейтін болды.
Головкиннің басты мақсаты – Олимпиада
Геннадий Головкин өз кандидатурасын ұсыну туралы шешімін Instagram парақшасында түсіндіріп, басты мақсаттарын атады:
««Біздің мақсатымыз: ХОК (Халықаралық Олимпиада комитеті) тарапынан толықтай мойындалуға қол жеткізу және бокстың Лос-Анджелес-2028, Брисбен-2032 және одан кейінгі жылдардағы Олимпиада ойындарына қатысатынын растау», — деп жазды Головкин.»
—
World Boxing деген қандай ұйым?
World Boxing – 2023 жылдың сәуір айында құрылған жаңа халықаралық бокс федерациясы. Оның негізгі қызметі – боксты Олимпиадалық ойындар бағдарламасында сақтап қалу және Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) мойындауына қол жеткізу үшін тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеу.
Еске сала кетейік, Геннадий Головкин 2024 жылдың қыркүйегінде World Boxing ұйымының жаңа Олимпиадалық комиссиясының төрағасы болып тағайындалған болатын.
Аты аңызға айналған спортшы
Геннадий Головкин – Қазақстан тарихындағы ең танымал спортшылардың бірі. Оның негізгі жетістіктері:
- 01Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері;
- 02Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері (Афины-2004);
- 03Әлем чемпионатының жеңімпазы (2003).
Ол кәсіпқой бокста қатарынан 23 жеңіске жетіп, орташа салмақ тарихындағы ең жоғары нокаут көрсеткіші үшін Гиннестің рекордтар кітабына енген.
Жақында ғана, 2025 жылғы бокстан әлем чемпионаты аясында Геннадий Головкин Англияда ұлттық құраманың жанкүйерлерімен кездесу өткізген болатын.