Габон жағалауында (Орталық Африка) Prospector 5 бұрғылау платформасы суға батты. Бортта 115 адам болған, оның 110-ы құтқарылды, бес адам әлі де іздестірілуде. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Платформа иесі Borr Drilling компаниясы апат туралы мәлімдеді. Авария жергілікті уақыт бойынша 24 қазан күні кешкі сағат 20:37 шамасында болған. Платформаны мұнай-газ компаниясы BW Energy үшін бұрғылауға дайындап жатқан. Алдын ала деректер бойынша, жүктемені тексеру кезінде қондырғының тірегі шөгіп кеткен. Платформа тұрақтылығын жоғалтып, суға батқан.
Borr Drilling апаттық топты жұмылдырды. Бес адам әлі де хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Оларды жергілікті билік пен BW Energy бірлесіп іздестіруде.
Апаттан кейін кен орнындағы өндіріс тоқтатылды. Жобаның 17,5%-ына иелік ететін Panoro Energy компаниясының деректері бойынша, өндірістік нысандардың зақымдалуы немесе ағып кету туралы хабарламалар түскен жоқ, деп хабарлайды Reuters.
Бұған дейін «Курсив» Ормуз бұғазында Сингапур туымен жүзген GFS Pride контейнеровозы суға батқанын жазған. Снаряд тигеннен кейін бортта өрт шыққан. Экипаждың барлық 21 мүшесі эвакуацияланды.
