Францияның солтүстік-шығысында парашюттік ұшақ апатқа ұшырап, бортындағы 11 адамның барлығы қаза тапты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы The Guardian басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мерт-э-Мозель департаментінің префекті Ив Сегюйдің мәліметінше, парашют мектебінің ұшағы Нанси қаласы маңында сағат 11:00-де құлаған. Префектураның хабарлауынша, ұшқыш пен 10 жолаушы – бес студент және бес нұсқаушы – қаза тапты.
Сегюй: «Ұшақ 11 адамды тасымалдап, аэродромның дәл жанында кенеттен құлады. Басқа зардап шеккендер жоқ», – деді.
Төтенше жағдай қызметтері дереу әрекет етіп, билік куәлардың айғақтарын жинауда. Францияның ішкі істер министрі Лоран Нюньез оқиға орнына бет алған.
