Францияда 5 қарашада ең төменгі жалақыны көтеру талабымен жаппай демонстрациялар өтті. Акциялар полициямен қақтығыстар мен өрт қоюға ұласты. Ел бойынша 448 адам ұсталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Франция Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, көшеге шамамен 575 мың адам шықты. «Еңбектің жалпы конфедерациясы» (CGT) кәсіподағы қатысушылар санын 1,6 млн деп бағалады.
Ішкі істер министрлігі Марсель, Нант, Лион, Бордо және Страсбургте жүздеген адамнан тұратын топтар полицейлерге шабуыл жасағанын мәлімдеді. Ведомство бұл топтарды «радикалды бағыттағы солшыл экстремистер» деп атады. Алдын ала деректер бойынша, ел бойынша 86 өрт қою оқиғасы тіркелді.
Билік сонымен қатар мектептердің зақымдалғанын және оқу орындары қызметкерлерінің зардап шеккенін хабарлады. dpa ақпаратына сәйкес, Тулузада тәртіпсіздікке қатысушылар мектеп ішінде өрт қойып, сыныптарды талқандап, компьютерлерді жойған.
Париж маңындағы Ла-Курнев қалашығында бір жас жігіт мектеп блокадасына қатысқан оқушыға пышақ салған. Лилльде ғимараттың кіреберіс бөлігіне өрт қойылғаннан кейін адамдар оқу орнынан эвакуацияланды.
Француз демократиялық еңбек конфедерациясының (CFDT) басшысы Марилиз Леон салықтар шегерілгеннен кейін ең төменгі жалақыны айына 100 еуроға көтеруге шақырды.
CGT басшысы Софи Бине Францияда ең төменгі еңбек ақының өсуі басқа еуропалық елдерден қалып қойғанын мәлімдеді.
«Франция — соңғы 10 жылда ең төменгі жалақы ең аз өскен еуропалық ел. Біз еңбекақы деңгейі төмен елге айналдық», — деді ол.
Қазіргі уақытта Францияда ең төменгі сағаттық жалақы салықтар шегерілгенге дейін 12,31 еуроны, немесе 35 сағаттық жұмыс аптасында айына шамамен 1867 еуроны құрайды.
Салыстыру үшін, Германияда 2027 жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі еңбек ақы сағатына 14,60 еуроға дейін өсуі тиіс.
Қазан айының соңында Францияда өмір сүру құнының өсуіне және білім беру жүйесіндегі проблемаларға қарсы жаппай наразылықтар өткен болатын. Ол кезде шамамен мың адам ұсталған.
