Францияның Иссуар қаласындағы Заманауи өнер орталығынан Сальвадор Дали жасаған «Әулие Иоанның Апокалипсисі» кітабының қола мұқабасы ұрланды. Оның салмағы шамамен 150 кг. Ұрлықты Клермон-Ферран прокуратурасы растады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұрлық қашан болды
AFP агенттігінің мәліметінше, туынды 4-5 қазанға қараған түні ұрланған. Қола мұқаба алтынмен, асыл тастармен және теңіз қабыршақтарымен безендірілген. Пергамент беттерімен қоса кітаптың жалпы салмағы 210 кг құрайды.
Кітаптың тарихы
Кітап 1958-1961 жылдары француз баспагері Жозеф Форенің бастамасымен жасалған. Ол жалғыз данада ғана бар. Туынды бойынша жеті суретші мен жеті жазушы жұмыс істеген, олардың қатарында Сальвадор Дали, Леонар Фужита, Бернар Бюффе, Жан Кокто және Эмиль Чоран бар.
Мәтін 150 пергамент бетіне қолмен жазылған. Бұрын бұл басылым әлемдегі ең ауыр және ең қымбат кітап болып саналған.
Кітап қайда сақталды
Халықаралық көрмелерден кейін туынды Швейцарияда сақталды, кейін жапон иелеріне өтті. Кейінірек оны коллекционер және реставратор Кристиан Каруцос сатып алды. Мұқаба мен пергамент беттерінің бір бөлігі оның Иссуардағы өнер орталығында қойылған болатын.
Тергеу барысы
Прокуратура ұрланған туындыны «ерекше және бірегей» деп атады. Тергеу жандармерияға тапсырылды. Ұрлықтың мән-жайы әзірге жарияланбайды.
