Франция Украинаға Еуропалық одақ бөлген 90 млрд еуролық кредит қаражатына еуропадан тыс елдерден қару сатып алуға берілетін рұқсат мерзімін шектеуді ұсынып отыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Euronews өз дереккөздеріне сілтеме жасап, Франция ЕО қаржысының басым бөлігі еуропалық, соның ішінде француз қорғаныс өнеркәсібін қолдауға жұмсалғанын қалайтынын жазды.

Кредит шарттарына сәйкес, Украина ЕО мен Еуропалық экономикалық аймақтан тыс жерлерден қару-жарақ сатып ала алады. Бұл тек еуропалық өндірушілер қажетті қару көлемін жеткізе алмаған, оны белгіленген мерзімде өндіруге үлгермеген немесе тым жоғары баға ұсынған жағдайда мүмкін болады. Алайда мұндай сатып алулардың үлесі жалпы соманың 35%-ынан аспауға тиіс.

Бұған дейін Еурокомиссия Украинаға әуе және зымыран шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін, зымырандар, оқ-дәрілер мен радарлар сатып алуға қосымша 6,1 млрд еуро бөлу туралы шешімді мақұлдаған болатын.