Франция құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының I тобындағы екінші тур ойынында Иракты сенімді түрде жеңді. Филадельфиядағы «Lincoln Financial Field» стадионында өткен матч 3:0 есебімен аяқталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесудің басты кейіпкері дубль жасаған Килиан Мбаппе болды. Француздар сапында тағы бір голды Усман Дембеле соқты.
**Матч деректері:** - I топ, 2-тур, 22 маусым, Филадельфия, «Линкольн Файненшел Филд» - Голдар: Мбаппе 14' (1:0), Дембеле 74' (2:0), Мбаппе 88' (3:0)
Француздар есепті 14-минутта ашты. Майкл Олисе Килиан Мбаппеге пас берді, ал Франция капитаны айып алаңынан тыс жерден қатты соққымен допты қақпаға бағыттады.
Бірінші таймның соңы қатты жаңбыр астында өтті, ал үзілістен кейін ұйымдастырушылар стадион маңындағы найзағай салдарынан матчты тоқтатуға мәжбүр болды. Турнирдегі қауіпсіздік хаттамасына сәйкес, арена маңында найзағай қаупі болса, ойын жалғастырылмайды.
Бастапқыда екінші таймды 15 минутқа кейінге қалдыру жоспарланған еді, бірақ үзіліс бірнеше рет ұзартылды. Сөйтіп, командалар бірінші тайм аяқталғаннан кейін екі сағатқа жуық уақыт өткен соң ғана алаңға қайта оралды.
Ойын жалғасқаннан кейін француздар матч барысын бақылауда ұстап, қарсылас қақпасына қауіпті сәттер туғызуды жалғастырды. 74-минутта Усман Дембеле командасының басымдылығын еселеді, ал 88-минутта Мбаппе дубль жасап, соңғы есепті 3:0 етіп бекітті.
Франция капитаны үшін бұл матч мерейтойлық – ұлттық құрамадағы жүзінші ойыны болды. Соғылған голдар оған құрама сапындағы голдар санын 60-қа жеткізуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, әлем чемпионаттарында Мбаппе 16 матчта 16 рет гол соқты.
Екі турдан кейін Франция алты ұпай жинап, әлем чемпионатының плей-оффына мерзімінен бұрын шықты. Ирак құрамасында үш ұпай қалды, олар топтық кезеңнің соңғы турында турнирдің келесі сатысына жолдама алу үшін күресті жалғастырады.
