Франция мен Ирак құрамалары арасындағы Әлем чемпионатының матчы найзағай қаупіне байланысты үзілді. Бірінші тайм аяқталғаннан кейін ұйымдастырушылар стадион маңындағы найзағай белсенділігіне байланысты ойынның жалғасуын кемінде 15 минутқа кейінге шегергенін хабарлады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы FOX Sports басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
FOX Sports мәліметінше, ұйымдастырушылар Франция — Ирак матчын Қазақстан уақыты бойынша 04:00-де, яғни үзіліс басталғаннан бір сағат өткен соң жалғастыруды жоспарлап отыр. Филадельфиядағы «Lincoln Financial Field» стадионының ашық трибуналарындағы жанкүйерлерге орындарын тастап, қауіпсіз аймақтарға бару ұсынылды.
Матч тоқтатылған кезде Франция құрамасы 1:0 есебімен алда болды. Бірінші таймдағы жалғыз голды 14-минутта команда капитаны Килиан Мбаппе айып алаңынан тыс жерден соққымен соқты. Ұйымдастырушылар ауа райына байланысты ықтимал қиындықтар туралы матч басталғанға дейін ескерткен болатын. Синоптиктердің болжамы бойынша, 22 маусымда Филадельфияда нөсер мен найзағай күтілген, бұл матчтың өтуіне әсер етуі мүмкін еді.
АҚШ-тағы турнирде қолданылатын жаңартылған қауіпсіздік хаттамасына сәйкес, спорт нысанынан шамамен 13 шақырым радиуста найзағай соққан жағдайда ойын дереу тоқтатылады. Әрбір осындай жағдайдан кейін кездесудің жалғасуы кемінде 30 минутқа кейінге шегеріледі. Егер найзағай қайта тіркелсе, уақыт есебі қайта басталады. Ұйымдастырушылар ауа райы жағдайын бақылауды жалғастыруда, екінші таймның басталу уақыты туралы шешім ашық күйінде қалып отыр.
