30 қыркүйек күні таңертең Тель-Авивке бағыт алған Flydubai ұшағы төтенше жағдай сигналын беріп, біраз уақыттан кейін Сауд Арабиясына шұғыл қонды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Әуе компаниясы ұшқыштар арасында төбелес болғанын растады. «Қолда бар ақпаратқа сәйкес, екінші ұшқыш ұшу кезінде әуе кемесінің командиріне пышақпен соққы жасаған», – делінген хабарламада.

Жолаушылар саны туралы мәлімет әртүрлі. Израильдік БАҚ ұшақ бортында 150-ден астам жолаушы болғанын хабарлады. Басқа БАҚ 27 баланы қоса алғанда, 174 жолаушы болғанын жазды.

Израильдің 12-арнасы жоғары лауазымды израильдік шенеунікке сілтеме жасап, резервтік экипаж ұшақты басқаруды өз қолына алып, Сауд Арабиясына қондырғанын хабарлады.

Flightradar24 сервисінің мәліметінше, ұшақ сигнал түрін екі рет өзгерткен: алдымен ұрлап әкету туралы, кейін төтенше жағдай туралы сигнал берген. «Ұшақ алдымен 7700, кейін 7500, одан соң қайтадан 7700 сигналын берді», – делінген сервис сайтындағы хабарламада.

Ұшқыштар кабинасындағы төбелес кезінде Flydubai ұшағы өте жоғары жылдамдықпен төмендеген – тік бағыттағы жылдамдығы сағатына шамамен 567 шақырымды, яғни секундына 150 метрден астамды құраған. FlightRadar деректеріне сәйкес, бар болғаны 29 секунд ішінде лайнер шамамен 4,5 шақырым төмендеген.

Соңғы мәлімет бойынша зардап шеккен капитан – БАӘ азаматы, ал шабуыл жасаған екінші ұшқыш – Оман азаматы.